ЖАҢЫЛЫҚТАР

Нұрали алғаш рет айналасындағы әлемнің дыбыстарын 11 айлығында естіді. Бұған дейін оның өмірін толық үнсіздік қоршап тұрған еді. Ол дүниеге келгеннен бері естімейтін – ауыр сенсоневральды кереңдік оны анасының дауысы мен балалардың күлкісін есту мүмкіндігінен айырған.

Анасы Қарлығаш баласының тексерістері өте ерте басталғанын есіне алады. Алғашқы есту тесті 3 айлығында жасалса, 6 айлығында тереңдетілген зерттеу жүргізілді. Диагноз расталды. Дәрігерлер баланың жалғыз мүмкіндігі – кохлеарлық имплантация екенін айтты.

«Нұрали 11 айлығында алғашқы операциясын жасатты. Сол кезде біздің дәрігерлер бұл саланы енді ғана меңгеріп жатқан еді. Бізге жолымыз болды: Санкт-Петербургтен маман келіп, операция жасауға көмектесті, ал біздің дәрігерлер ассистент болды. Бір айдан кейін имплант қосылды, сол кезде ұлымның алғаш рет естігенін көрдім. Оның қуанышы мен үшін нағыз бақыт болды», – деп бөлісті Қарлығаш.

Имплант қосылғаннан кейін Нұралидің өмірінде жаңа кезең басталды. Ол даму орталығына барып, біртіндеп сөйлесуді және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауды үйрене бастады. Қазір ол 13 жаста, 8-сыныпта оқиды, сыныптастарымен белсенді араласып, болашақта одан да жақсы естуді армандайды.

Кохлеарлық имплантация – бұл жоғары технологиялық әдіс. №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Абилев Арман Амангелдыұлы айтуынша, бұл – оториноларингология саласындағы ең күрделі әрі жауапты операциялардың бірі.

Қазақстанда мұндай операциялар ТМККК шеңберінде тегін жасалады және ауыр есту бұзылыстары бар балаларға толыққанды өмір сүру мүмкіндігін сыйлайды.

Скачать шаблон для Joomla 3.4.
Скачать шаблон для Joomla 3.4.